👉 Қазіргі таңда ғылым мен технологиялардың қарқынды дамуы ақпараттық және медиакеңістіктің құрылымдарын күрделі ойындар алаңына айналдырды. Нәтижесінде кез келген қоғамдық пікірдің қалыптасуына бүгінде ғаламторды пайдаланатын миллиондаған адамдардың белсенділігі ықпал етіп келеді. Өкінішке орай мұндай белсенділердің арасында экстремистік және террористік ұйымдардан құралған деструктивті күштер осы кеңістіктің барлық мүмкіндіктерін өз қызметінде оңтайлы пайдаланып отыр. Ақпарат алмасудың әр түрлі заманауи тетіктерін шебер қолданатын деструктивті ағым идеологтары оқу, хат алмасу, бейне және аудио материалдар арқылы радикалды көзқарастарды таратуда.
☝️ Деструктивті және экстремистік топтар тарапынан жүргізіліп отырған кең көлемді насихат жұмыстарының мақсаты ортақ – әрбір шаңырақта өшпендiлiк пен алауыздық отын тұтату және қоғамдағы ауызбіршілікті жою, сол арқылы мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiріп, елдің конституциялық құрылысы мен аумағының тұтастығын бұзу.
🎬 Осы орайда БҚО әкімдігі білім басқармасының Орал қаласының білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен 2 қараша күні Д.Қонаев атындағы 44 мектеп-гимназиясының 9-11 сынып оқушыларына отандық «Сағым» фильмі көрсетілді. 🎬
👍 Шара мақсаты: дінге және жастардың діни экстремизмге шақырылу қауіптілігіне қатысты мәселелер өзектілігіне назар аудару, жастардың бойында рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, жасөспірімдер мен жастар арасындағы патриоттық сезімді, өзара сыйластықты, жауапкершілікті, отбасылық құндылықтарды, салт-дәстүрді насихаттау.