Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында қолға алынар көптеген мәселелер көтерілген. Алдымен осы уақыт аралығында жүзеге асқан ауқымды істерді атап өтіп, алайда нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмай, осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажеттігін баса айтқан. Экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі міндеттері еліміздің дамуына бағытталып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететініне сенімдіміз. Соның бірі еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету.
Еліміздің болашағы жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етіп, өскелең ұрпақтың психикалық саулығына қатысты бағдарлама әзірлеу керектігін тапсырғаны ұнады.
Сонымен бірге білім сапасын жақсартып, мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесі, бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы көңілге қонады. Жолдау соңындағы Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәнін құптай отырып: -Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!- деген түйіні үлкен сеніммен алға жетелейді.