#44 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНДА ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР ОЗДЫРЫЛДЫ. "Адам өмірге өзіндік қасиет, қабілеттерімен келеді. Ал баланың бойындағы туа біткен қасиеттерді дамытатын - тәрбие мен оқыту. Тек, неғұрлым қабілет пен дарынды дамытуға ертерек көңіл бөлінсе, соғұрлым оны толық ашуға мүмкіндік туады. Ал, тұлғаның бойындағы ерекше қасиеттерді ашу, мектебіміздің оқушыларына дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, тәлім-тәрбие беру әр ұстаздың басты міндеті деп санаймыз. Дәл осы тұста, ағымдағы жылдың 15-і қарашасы күні #44 мектеп-гимназиясында Мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыстық оқу-әдістемелік кабинетімен бірлескен облыстық "Линвист" озат тәжірибелі ұстаздар мектебінің және "Зерде" желілік қауымдастығы ұстаздарының қатысуымен "Жаңартылған білім мазмұны жағдайында оқушылардың ағылшын тілі сабақтарындағы және сыныптан тыс шараларда тыңдалым мен айтылым дағдыларын жетілдіру жолдары" тақырыбында семинар өткен болатын. Шараны ашқан мектеп-гимназия директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Ш.С. Сисенова мектеп тарихымен таныстырып, ағылшын тілі әдістемелік бірлестігінің 3 жылдық жұмыс нәтижесінің көрсеткішін презентациялады. Семинардың теориялық бөлімінде ағылшын тілі пәні бойынша педагог-зерттеуші Л.С.Дюсенбаева "Оқушыларды ағылшын тілі пәнінен олимпиадаға қалай әзірлейміз?" тақырыбында семинар-коучинг өткізіп, дарынды балалармен жұмыс істеу алгоритмі, оларды пәндік олимпиадаға әзірлеу жолдары, тапсырмалар базасын құру, тыңдалым, айтылым және жазылым дағдыларына ерекше көңіл бөлу қажеттілігі, сонымен қатар ұстаздар өздері 5 дағдыға сәйкес үлгілік тапсырмалар құрастырып, өзара ой-талқыға салды. Ал, семинардың практикалық бөлімінде 9 в сыныбында педагог-модератор М.Т. Тасжанова, 7д сыныбында педагог-сарапшы Рахматуллина З.Ж. және педагог-модератор Е.К. Утеповалар ашық сабақтар өткізді. Сабаққа қатысқан ұстаздар сабақтардың жоғары деңгейде берілгендігін, әсіресе оқу мақсаттары мен табыс критерийінің оқушылар үшін анық та, қолжетімді болғандығын, жаңартылған білім мазмұнына сай жаңа әдіс-тәсілдерді мұғалімдердің шебер меңгергендігін, ал бағалау дескрипторларының сауатты құрылғандығы, пән мұғалімі мен оқушылардың арасындағы байланыстың керемет екендігін, сонымен қатар оқушылардың ойын ағылшын тілінде еркін жеткізе білуі мен бірін-бірі бағалауы және кері байланыс түрлерінің ұтымды қолданылғандығын бірауыздан баса атап өтті. Келесі кезекте мектептің акт залында жоғары санатты ұстаз З. Е. Ахметова мен педагог-сарапшы Г.Б. Қажығалиеваның 10- сынып оқушыларын ұйымдастыруымен 5 станцияда тыңдалым мен айтылым дағдыларын жетілдіруге арналған танымдық "Activity time" оздырылды. Кейін, 8-10 сынып оқушыларының қатысуымен "Reading for pleasure" тақырыбында 1- санатты ұстаз А.Н. Омарованың мұрындық болуымен Read-x, және педагог-зерттеуші Г.А. Саматаеваның басшылығымен 11-сынып оқушыларынан құралған топ Ted-x форматында Life is easy. Why do we make it so hard? тақырыбында оқушылар 3 тілде ой бөлісіп, семинарға қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді. Рефлексия бөлімінде Л. Дюсенбаева "Warm wishes" тренингін өткізіп, семинарға қатысушылар тілектерін бір-біріне жазды, Rubic's cube әдісімен қорытындылап, мұғалімдер өздеріне түскен сұрақтар бойынша семинардан алған әсерлерімен бөлісті, соның ішінде Тасқала ауданының "Сәулет" мектеп-лицейінен, Теректі, Жәнібек, Ақсай қаласынан келген әріптестеріміз семинардың өз мақсатына жеткенін, олимпиада материалдарын әзірлеу, қандай ресурстар қолдану, оқушыларды қай бағытта дайындау т.б. туралы ақпаратты кеңінен алғандығын, көптеген жаңа әдіс-тәсілдермен танысып, кері байланыс жасау түрлерімен таныстық десе, #8 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп директорының орынбасары А.А.Саурова, #11 С.Сейфуллин атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат кешенінен келген Ж.Б. Нұрмақова бүгінгі семинардан өз қоржындарын жаңа әдістемелік тың идеялармен толықтырғандықтарын, ашық сабақтар мен оқушылардың Tedx, Readx форматында сөйлеу мәдениеттерінің жоғары деңгейде екендігін айтты. Шара соңы Ш. Қалдаяқовтың "Арыс жағасында" әнін 3 тілде орындаумен аяқталды. Кеш соңын қорытындылаған Мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің ағылшын тілі пәні бойынша әдіскері Ұ.М. Ажикенова бүгінгі семинарды жоғары деңгейде өткізген мектеп-гимназия әкімшілігіне және ағылшын тілі әдістемелік бірлестігінің ұстаздарына зор алғысын білдіріп, семинарға қатысушыларға арнайы сертификаттарын табыстады.